Caspianlife, 3 маусым. Мәжілісте қаралып жатқан рақымшылық туралы заң жобасы аясында әкімшілік рақымшылықтың қалай жүзеге асырылатыны нақтыланды. Бұл тетік Қазақстанда алғаш рет енгізіліп отыр және ол тек әкімшілік айыппұлдарға ғана қатысты болады.
Заң жобасына сәйкес, әкімшілік рақымшылық Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілетін жаңа 889-1-баппен реттеледі. Құжатта рақымшылықтың қарапайым әрі қауіпсіз тәртіппен жүзеге асырылуы көзделген.
Рақымшылық жеке тұлғалармен қатар жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына да қолданылады. Мәжіліс өкілдерінің айтуынша, жеке кәсіпкерлерді тізімге енгізу олардың экономикалық белсенділігін қолдауға бағытталған.
Алайда рақымшылық барлық айыппұлдарға бірдей таралмайды. Атап айтқанда, соттардың шешімімен салынған айыппұлдар, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына және мемлекеттік мүдделерге қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар үшін тағайындалған айыппұлдар рақымшылыққа жатпайды.
Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты өрескел құқық бұзушылықтар да бұл тізімнен тыс қалады. Олардың қатарында мас күйінде немесе есірткі әсерімен көлік басқару, қарсы бағытқа шығу және жол ережелерін өрескел бұзу фактілері бар.
Бұдан бөлек, қару-жарақ пен есірткі құралдарының заңсыз айналымы, денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау салаларындағы құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдарға да рақымшылық қолданылмайды.
Әкімшілік рақымшылықты іске асыру үшін әкімшілік іс жүргізу бойынша бірыңғай тізілім пайдаланылады. Жүйе заңда көрсетілген талаптарға сәйкес рақымшылыққа ілігетін азаматтардың тізімін автоматты түрде қалыптастырады.
Шешімдер электронды форматта қабылданып, уәкілетті тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады. Рақымшылыққа іліккен азаматтар бұл туралы цифрлық сервистер мен SMS-хабарламалар арқылы хабардар етіледі.
Мәжіліс мәліметінше, азаматтарға мемлекеттік органдарға арнайы барып өтініш берудің қажеті болмайды, барлық рәсім автоматты түрде жүргізіледі.

