CaspianLife, 18 ақпан. Мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғалардың, оның ішінде блогерлердің салықтық міндеттемелерін толық орындауын тұрақты түрде бақылап, салықтық әкімшілендіру жүргізеді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәлімдеуінше, бақылау шараларын жүргізу барысында комитет уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және басқа да тұлғалармен өзара әрекеттеседі.
Әртүрлі дереккөздерден алынған мәліметтер мен салық декларацияларындағы деректерді салыстыру нәтижесінде 594 тұлға бойынша 53,3 млрд теңге көлемінде сәйкессіздік анықталған. Осыған байланысты, 2024 жылғы 13-14 ақпан аралығында «табысты төмен көрсету» бойынша бұзушылықтар туралы камералдық бақылау хабарламалары жіберілді.
Хабарламаны орындау үшін қосымша салық есептілігін тапсырып, өз бетінше есептелген салықтарды төлеу қажет. Егер салық төлеуші келіспесе, түсіндірме ұсынуға құқылы. Хабарламаны орындау мерзімі – 30 (отыз) жұмыс күні.
«Сонымен қатар, табыс алған кезде, оның ішінде әртүрлі интернет-ресурстарда онлайн-жарнама орналастыру (ақпараттық өнімдерді ілгерілету немесе сату, әртүрлі оқу курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу және т.б.) арқылы алынған кірістерге салық төлеу қажеттілігіне назар аударамыз. Бұл міндеттемелер Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Салық кодексінде белгіленген», – деп ескертті Мемлекеттік кірістер комитеті.