Ақтауда 18 жастағы мүгедек жігітті зорлаған күдікті іздестірілуде. Ал жәбірленушінің анасы полицияның әрекетсіздігіне шағымданып отыр. Себебі, оқиғаның болғанына 40 күннен асып кетсе де, әлі күнге ешқандай нәтиже жоқ.
Оның сөзінше, 18 жастағы баласын белгісіз ер адам көшеден көлігіне отырғызып алған. Азғындық әрекетін алдымен көлікте, кейін теңіз жағасында жасапты. Сөйтіп, түн ортасында баланы оқиға орнында тастап кеткен.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті қажетті сараптама тағайындалып, Қылмыстық Кодекстің 121-бабы, яғни, «сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.
Әйгерім ИБАТУЛЛАЕВА, Маңғыстау облыстық ПД баспасөз қызметінің бастығы
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынып, зерттелуде. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу жалғасуда. Видеожазбалардың жоқ екендігі туралы таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Осылайша, маңғыстаулық полицейлер қылмыстық іс назардан тыс қалмайтынын, кінәлі табылып, жазаланатынын жеткізді.