CaspianLife, 12 ақпан. Лондонда өткен «Қазақстан – Ұлыбритания» стратегиялық диалогы аясында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Еңбек заңнамасының бұзылуы мен қанауға қарсы күрес қызметі (GLAA) арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат тараптардың еңбек көші-қоны саласындағы өзара іс-қимылын көздейді. Меморандумға Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбританияның Еуропа, Солтүстік Америка және теңіз аумақтары бойынша мемлекеттік министрі Стивен Даути қол қойды.
Меморандум аясында тараптар келесі бағыттар бойынша ынтымақтасады:
— Қазақстан Республикасы азаматтарының Ұлыбритания аумағында уақытша жұмысқа орналасу шарттары мен рәсімдері туралы ақпарат алмасу;
— Қазақстан Республикасынан Ұлыбританияға жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметі туралы ақпарат алмасу және олардың қабылдаушы елдің заңнамасына сәйкестігін растау;
— Қазақстан Республикасы азаматтарының Ұлыбритания аумағындағы еңбек қызметі кезінде олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғауға бағытталған өзара ынтымақтастық, соның ішінде Тier-5 маусымдық жұмыс визасы (seasonal worker visa) шеңберінде қолдау көрсету;
— Қазақстан Республикасы азаматтарына қажетті кәсіби дайындық пен сұранысқа ие жұмыс мамандықтары бойынша ақпарат алмасу.
«Аталған Меморандумға қол қою Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады», — делінген хабарламада.