CaspianLife, 31 қаңтар. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2025 жылы 18 жасқа дейінгі қазақстандық балаларға 129,38 АҚШ доллары есептелді.
2022 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу туралы бастама көтерді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) хабарлауынша, 2025 жылы 18 жасқа толмаған әр балаға 129,38 АҚШ доллары (шамамен 58 166 теңге) есептелді.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының мақсаты болашақ ұрпақтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім алуға қолдау көрсету және жастарға жақсы өмірлік бастама жасау мақсатында жүзеге асырылуда. 2024 жылдан бастап жыл сайын Ұлттық қордан балаларға қаражат аударылып, ол 18 жасқа дейін жинақталады.
«Біз азаматтарымыздың өмір сапасын жақсарту және балаларымыздың жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін негіз қалыптастырып жатырмыз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бағдарламаның басты міндеті – әр балаға елдің ұлттық байлығынан үлес беру және қаржылық ресурстарды болашақ ұрпақ үшін жинақтау.
2024 жылы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына 6 919 131 бала (2006-2023 жылдары туғандар) қатысты. Әр балаға 100,52 АҚШ доллары есептеліп, жалпы сомасы 695,5 миллион доллар бөлінді. 2024 жылы 18 жасқа толған 304 815 балаға жалпы сомасы 30,6 миллион доллар аударылды.
2025 жылы бағдарламаға 6 921 035 бала (2007-2024 жылдары туғандар) қатысады. Оның ішінде 324 430 бала 18 жасқа толады.
Бағдарламаға екі жыл қатарынан қатысып жатқан балалардың жинақталған қаражаты инвестициялық табысты ескере отырып, 232,94 АҚШ долларын құрады.
Қаражатты қалай тексеруге және пайдалануға болады?
1 ақпан 2025 жылдан бастап бағдарлама бойынша аударылған қаражат туралы ақпарат eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында көрсетіледі.
Баланың жинақталған қаражатын kids.enpf.kz арнайы сайтында ЖСН енгізу арқылы тексеруге болады. Сондай-ақ, Halyk Bank, Kaspi.kz қосымшалары және eGov.kz жеке кабинеті арқылы ақпарат алуға болады.
Жинақталған қаражатты қалай пайдалануға болады?
Қаражат 18 жасқа толғанда ғана пайдалануға беріледі. Жинақ БЖЗҚ шотына аударылады және Отбасы банк пен Халық банк қосымшалары арқылы өтінім беру арқылы келесі мақсаттарға жұмсалады:
- Тұрғын үй жағдайын жақсарту (пәтер сатып алу, жөндеу және т.б.);
- Білім ақысын төлеу (Қазақстанда немесе шетелде оқу).
2025 жылдың 1 қаңтарына дейін 66 571 өтінім беріліп, оның 53 001-і мақұлданып, жалпы сомасы 5 316,7 мың АҚШ доллары төленді.
- 34 388 өтінім тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін беріліп, 29 542 өтінім мақұлданды (жалпы сомасы 2 964 мың АҚШ доллары төленді).
- 32 183 өтінім білім ақысын төлеу үшін беріліп, 23 459 өтінім мақұлданды (жалпы сомасы 2 352,7 мың АҚШ доллары төленді).
Ұлттық қор қаражатын жас ұрпақты қолдауға бағыттау – Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал ететін стратегиялық шешім. Бұл бастама жастардың өмір сапасын арттырып, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: Рахим Қойлыбаев