CaspianLife, 31 қаңтар. Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ғалымдары келді. Сапардың мақсаты – тәжірибе алмасу және зауыт пен университет арасында ынтымақтастық орнату.
АМӨЗ баспасөз қызметінің мәліметінше, Орал қаласынан келген қонақтар алдымен «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаевпен кездесті. Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы кадр тапшылығы мен мамандарды даярлау сапасы талқыланды. Зауыт басшысы елдің мұнай өнімдеріне деген қажеттілігінің үштен бірін қамтамасыз ететін кәсіпорынды жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, серіктестікке дайын екенін білдірді.
Қазіргі уақытта АМӨЗ жас мамандарды тарту бойынша үш бағдарлама іске асыруда, олар Қазақстан мен ТМД елдерінің жетекші оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Кездесуден кейін делегация зауыттың жұмысымен және өндірістік процестерді жақсартуға бағытталған жобалар нәтижелерімен танысты.
«80 жылдық тарихы бар кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында АМӨЗ бен Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, алдағы бес жыл ішінде Атыраудағы ҚИжТЖУ студенттері, әсіресе «Автоматика және басқару» мен «Электроэнергетика» мамандықтары бойынша білім алушылар, АМӨЗ-де өндірістік тәжірибеден өтеді», – деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.
ҚИжТЖУ ректоры нәтижелі әріптестікке сенім білдіріп, зауыт қызметкерлеріне Орал университетінде біліктілікті арттыру мүмкіндігін ұсынды. Қазіргі таңда ҚИжТЖУ университетінде 800-ге жуық атыраулық студент білім алуда.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: Рахим Койлыбаев