CaspianLife, 22 қаңтар. 21 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен еліміздің он өңірінде ауқымды және ұзаққа созылған арнайы операцияны аяқтады. Бұл операция қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерін тоқтатуға бағытталды. Атап айтқанда, олардың жазаны өтеу мекемелеріне есірткі жеткізу, бопсалау және криминалитетті қаржыландыру арналарын ұйымдастырғаны анықталды.
Қазақстан Республикасы ІІМ ведомстволық сайты (Polisia.kz) таратқан мәліметке сәйкес, шұғыл-іздестіру және тергеу шаралары елдің он өңірінде бір мезгілде жүргізілді. Негізгі мақсат – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде орын алып отырған қылмыстық ахуалды тұрақтандыру, соның ішінде режимді бұзу мен тұрақсыздандыру әрекетін көздейтін тұлғалардың іс-әрекеттерін әшкерелеу.
Жедел әзірлеу барысында бірнеше рет сотталған адамдардан құралған қылмыстық топтардың желісі құжатталды. Барлығы 118 қылмыстық сипаттағы адам, соның ішінде 13 қылмыстық орта өкілі ұсталды. 100-ден астам тінту шарасы жүргізілді. Нәтижесінде үш Калашников автоматы, екі травматикалық тапанша, әртүрлі калибрлі оқ-дәрілер, 11 килограмнан астам есірткі, мобильді құрылғылар мен «қара» есеп-қисап құжаттары тәркіленді. Ұсталғандар қатарында жақын және алыс шетел криминалдық құрылымдарының өкілдері де бар. Жедел шаралар жалғасуда, – деп хабарлады ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.