CaspianLife, 9 қаңтар. Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Орал-Астана» бағытындағы жолаушылар пойызын патрульдеу барысында 48 жастағы Қостанай облысының тұрғынын ұстады.
Ішкі істер министрлігінің көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тексеру барысында ер адамның жол барысында алкогольдік ішімдіктер ішіп, тамбурдың кіреберіс есігінің әйнегін сындырғаны анықталды. Сонымен қатар, құқық бұзушы заңды талаптарға қарсы тұрып, билік өкілдеріне қарсылық көрсетті. Көлік полицейлері оны Актөбе облысындағы Айтеке би станциясында пойыздан түсіріп, полиция бөлмесіне жеткізді.
«Оған алкоголь ішімдіктерін ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу, ұсақ бұзақылық, құқық қорғау органының заңды талабына бағынбау фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды және іс сотқа жіберілді. Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, 85 АЕК (334 220 теңге) көлемінде айыппұл салынды», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 698 азамат жолаушылар пойыздарынан түсірілген, олардың 672-сі қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін, 17-сі ұсақ бұзақылық үшін және басқа да құқық бұзушылықтар үшін.