CaspianLife, 19 желтоқсан. Пекиндегі кездесуде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен China National Offshore Oil Corporation International Limited (CNOOC) директорлар кеңесінің төрағасы Ван Дунцзинь бас қосты.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін, соның ішінде «Жылыой» жобасын бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады.
«2024 жылдың қазан айында ҚМГ мен CNOOC жаңа «Жылыой» жер қойнауын пайдалану жобасы бойынша серіктестіктің негізгі шарттарын анықтайтын келісімге қол қойған болатын. ҚМГ-нің алдын ала бағалауына сәйкес, учаскенің геологиялық ресурстық әлеуеті 185 млн тоннадан астам мұнайды құрауы мүмкін», – делінген «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, тараптар басқа да геологиялық барлау жобалары бойынша ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін, сондай-ақ CNOOC-тың еншілес сервистік компаниясы COSL (China Oilfield Services) арқылы мұнай мен газды барлау және өндіру саласындағы инжинирингтік әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады және мұнай-газ саласын дамыту мен Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті күшейтуге бағытталған бірлескен жобалардың сәтті іске асырылатынына сенім білдірді.
Анықтама: China National Offshore Oil Corporation (CNOOC) – мұнай-газ саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі, барлау және өндіру саласына маманданған. Компания халықаралық серіктестермен белсенді жұмыс істеп, жиырмадан астам елдегі ірі жобаларды жүзеге асыруға қатысады.