CaspianLife, 12 желтоқсан. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов инвесторлар және даму институттарының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында Ақтау қаласындағы «Жылы жағажай» аумағында туристік нысандардың құрылысын аяқтау мәселелеріне баса назар аударылды.
«Маңғыстау облысында туризмді дамыту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында біз қысқа мерзімде дамудың нақты кешенді жоспарын дайындауымыз қажет. Оның басты міндеттерінің бірі – «Жылы жағажай» туристік аймағын толық жүзеге асыруды аяқтау. Бұл аймақтың ішкі және сыртқы туристер үшін тартымдылығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу қорытындысы бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, келесі жылдың туристік маусымына қарай туристерді тартудың тағы бір негізгі орталығы болатын «Сауда қатарлары» жобасы іске қосылады.
Сонымен қатар, «Гольф клубы мен виллалары бар қонақүй» жобасын іске асыру жалғасады. Бұл жоба бойынша инвестормен «Fairmont» (5*) брендісінен «Swissotel» (5*) брендіне өзгерту жөнінде келісім жасалды. Мұндай өзгеріс «Swissotel» бренді баға саясатының икемділігімен және Қазақстан мен көршілес елдердің нарықтарында танымал болуымен негізделген.
«Жобаларды іске қосу толыққанды туристік аймақ құруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, қосымша салық түсімдерін және 1 877 жаңа жұмыс орнын қалыптастыруға алып келеді. Жалпы, курорттық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және қонақүй мен мейрамхана бизнесі бойынша әлемдік жетекші франшизаларды тарту жұмысы жалғасатын болады», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.