Caspianlife, 12 желтоқсан. Кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес ұйымы «KMG PetroChem» ЖШС мен «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) кепілдіктерді жақсартуды қарастыратын құрғақ газды сатып алу-сату туралы жаңартылған келісімге қол қойды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ТШО жылына 9 миллиард текше метрге дейін құрғақ газды Атырау облысындағы газ өңдеу зауытына (ГӨЗ) жеткізуді қамтамасыз етеді. Құрғақ газдан алынатын этан Атырау облысында қуаты жылына 1,25 миллион тонна болатын полиэтилен өндіру зауытының («Полиэтилен» жобасы) шикізаты ретінде пайдаланылады.
Газ-сепарация кешенін (ГСК) және полиэтилен өндіру зауытын салу жобалары Қазақстан үшін көлемі мен технологиялары бойынша бірегей және маңызды жобалар болып табылады. Мұндай ауқымды жобалар елімізде алғаш рет жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес, ГСК жобасы құрғақ газдан кемінде 98% этанды бөліп алуға мүмкіндік береді, ал полиэтилен зауыты премиум сапалы өнім шығаратын болады.
«Бұрын қол қойылған Келісімнің кейбір шарттарын қайта қарау арқылы біз Қазақстан үшін стратегиялық маңызды мұнай-газ химиясы жобаларын – ГСК және Полиэтиленді жүзеге асыруға бір қадам жақындадық. Бұл жобалар, ең алдымен, еліміздің одан әрі индустриялық және экономикалық дамуына бағытталған», – деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов.
«ТШО Қазақстан Республикасының энергетикалық саласының, соның ішінде мұнай-химия өнеркәсібін дамыту стратегиясының негізгі қолдаушысы болып табылады. ГСК жобасына арналған құрғақ газды жеткізу туралы жаңартылған келісімге қол қою – мұнай-химия саласы үшін маңызды қадам және бұл ТШО үшін тиісті шикізатты негізгі жеткізуші болатын үшінші ірі жоба», – деді «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон.
(«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)
Анықтама:
«KMG PetroChem» ЖШС (бұрынғы «KLPE» ЖШС) – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100% еншілес кәсіпорны. Компания мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларды жүзеге асырып, «ҚазМұнайГаз» тобы аясында үйлестіреді. «KMG PetroChem»-тің қызметі полиэтилен өндіру зауыты мен Газ-сепарация кешенін жобалауды әзірлеумен қатар басқа да мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруды қамтиды.
«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) – шикі мұнай, сұйытылған газ, құрғақ газ және күкірт өндіру, игеру және өткізу жұмыстарымен айналысатын қазақстандық серіктестік. ТШО қазіргі заманғы технологияларды қолданып, өз қызметін әлемдік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау стандарттарына сәйкес жүргізеді. 1993 жылдың сәуірінде ТШО Қазақстан Республикасы мен Шеврон корпорациясы арасында құрылды. Компанияның серіктестері: Шеврон – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc.» – 25%, «Лукойл» – 5%.