CaspianLife, 11 желтоқсан. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен жұмыспен қамту және еңбек жағдайы мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды.
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) хабарлауынша, кеңеске қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен өңірдегі бірқатар компаниялардың өкілдері қатысты.
Атырау облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығының басшысы Қайрат Ұмаровтың айтуынша, жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
– Қазіргі уақытта қала және аудандық мансап орталықтарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша 2 507 адам жүгінген, оның ішінде 2 143 адам қолдау шараларын алды. Сонымен қатар, 1 282 адамға жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалды, 861 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. «Теңізшевройл» ЖШС-нің мәліметінше, биыл Болашақ кеңею жобасындағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты Атырау облысының 4 мыңнан астам тұрғыны жұмыстан босатылды. Алайда, ТШО-ның қолдауымен қайта даярлау курстары ұйымдастырылып, 225 адам алты мамандық бойынша оқытылды. Қазіргі уақытта облыста «жұмыссыздар» санаты бойынша 1 188 инженерлік-техникалық қызметкер тіркелген, – деді Қ. Ұмаров.
Сондай-ақ, ол 2025-2029 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін бұл 1 188 инженерді оқыту және жұмысқа орналастыру бойынша барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Негізгі міндеттердің бірі – нарықта сұранысқа ие мамандықтарды анықтау. Мансап орталықтары 122 ірі кәсіпорынға хат жіберіп, оларға қажетті мамандар тізімін құруда. Осы жұмыстың нәтижесінде жұмыссыздарды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Кеңес қорытындысы бойынша Жасұлан Бисембиев жауапты басқармаларға жұмысты күшейтіп, кадрлар санын жоспарға сәйкес арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, ол: «Ірі инвестициялық жобаларда Атырау облысының тұрғындарын жұмыспен қамтуға басымдық беру қажет», – деп атап өтті. Бұған қоса, пробация есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмыспен қамту бойынша шараларды күшейту қажеттігін айтты.
Статистикалық деректерге сәйкес, Атырау облысы халқының саны 709 402 адамды құрайды, оның ішінде 351 993 адам жұмыспен қамтылған. Экономикалық белсенді халық саны – 369 964 адам. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,5%-ды құрайды. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша тұрақты жұмысқа 18 808 азамат орналастырылды (2023 жылы – 9 452 адам). Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Қазіргі уақытта ресми жұмыссыздар саны 14 555 адамды құрайды.
(Атырау облысының ӨКҚ ақпараты бойынша)