Биыл мұсылмандар қауымы Құрбан айт мерекесін алғаш рет онлайн форматта тойлайды. Құрбандық шалу рәсімі де қашықтан өткізіледі. Ниет білдірушілер qurban2020.kz арнайы сайты арқылы бірнеше қадамды орындаулары қажет.
Алдымен құрбандық шалатын аймақты белгілеген соң, аты-жөні мен телефон нөмірін енгізіп, құрбандыққа шалынатын мал таңдалады. Ешкі бағасы – 35 000 теңге, тоқты – 40 000 теңге, қой – 50 000 теңге. Ірі қараның құны – 350 000 теңге, түйе – 700 000 теңге. Төлемді карта арқылы жүзеге асыруға болады. Елде орнаған жағдайға байланысты құрбандыққа шалынатын мал тек мұқтаж жандарға үлестіріледі. Тапсырыс беруші еттің бір бөлігін әкете алмайды. Құрбандық етінен үміттілер де сайт арқылы өтініш білдіріп, жеке мәліметтерін енгізуі тиіс.
Атырауда құрбандық шалу рәсімі арнайы белгіленген орындарда мамандардың, еріктілер мен жедел штаб өкілдерінің бақылауымен өтеді. Қалаға шығып, малды өз бетіңізбен іздеудің қажеті жоқ. Себебі, мереке күндері базарлар жабылып, қала ішіндегі қозғалысқа тыйым салынады.
– Қаладағы ал базарларының барлығы шілденің 31-і күні, тамыздың 1-і және 2-сі жабық болады. Мешіттерде айт намазы оқылмайды. Алайда құрбандық шалынады. Сайт арқылы тапсырыс беруге байланысты базардан алынған мал шалынады. Бірақ осы айдың 30-ына дейін базарлар ашық болады. Сол кезде сатып алып, өз ауласында сойып жатса әкімшілік жағынан тосқауыл жоқ екендігін жеткіземіз, – дейді Атырау облысының бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ.
Еске сала кетейік, Құрбан айт мерекесіне 3 күн қалды. Биыл мейрам 30-ы мен 31-ші шілде күндері аталып өтеді. Мамандар базар аралаудан бас тартып, онлайн қызметті пайдалануды ұсынады.