CaspianLife, 25 қараша. «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтың бастамасымен Атырау облысындағы Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобасына қатысушылардың кеңейтілген отырысы Катардың астанасы Доха қаласында өтті.
Бұл туралы «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы тобының ресми ақпараттық Telegram арнасында хабарланды. Хабарламада көрсетілгендей, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басшылығы, PIH (Power International Holding), KCG, HBP компаниялары жобаны жеделдету мүмкіндіктерін талқылады. Аталған мердігер-компаниялардың акционерлері «QazaqGaz» және UCC Holding басшылығына жобаны жүзеге асыру барысы, міндеттері мен оны жеделдету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.
«UCC Holding компаниясы Қашағандағы газ өңдеу зауытындағы 75% үлесті сатып алу мәмілесі аяқталды, транзакция процесі басталды. Бұл жобаның операциялық бақылауы Катарлық UCC Holding басқаруына өтті. Сонымен қатар, UCC Holding тарапынан Атырау облысындағы ГӨЗ құрылысын жүргізетін «GPC Investment» ЖШС-ның жаңа атқарушы директоры тағайындалды», — деп атап өтілген хабарламада.
Сонымен қатар, жиын барысында тараптар үш басқа жобаны жеделдету мен жүзеге асыру мәселелерін де талқылады. Атап айтқанда, Қашағандағы газ өңдеу зауытының жылына 2,5 миллиард текше метр қуаттылықпен құрылысын, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін және «КС 14-Ақтөбе-Қостанай» магистралды газ құбырын салу жобалары қаралды.
(«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы АҚ-ның Telegram арнасындағы мәліметтерге сәйкес)