CaspianLife, 22 қараша. Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті және оның аумақтық департаменттері білім беру ұйымдарын мониторингтеу барысында заңбұзушылықтарды анықтады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәліметі бойынша, 2024 жылдың басынан бастап білім беру мекемелеріне жүргізілген тексеріс нәтижесінде 58 мектептің білім беру қызметі үшін лицензиясы болмағаны анықталды. Бүгінгі таңда олардың 17-сі білім беру қызметі бойынша талаптарға сәйкес келтірілді. Лицензиясыз жұмыс істеген мектептерге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 463-бабы бойынша сот шешімімен айыппұл салыныпты.
«Негізінен олар Астана мен Алматы қалаларында, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орналасқан», — деп нақтылады Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын міндетті түрде рұқсат алу керек. Лицензияның болмауы мектептің талаптарға сәйкестігін тексеруден өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Білім беру қызметін жүзеге асыру құқығы білім беру ұйымдарына лицензия алған сәттен бастап беріледі.
«Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін алты ай ішінде лицензия алмаса, ол сот тәртібімен жабылуға тиіс», — деп атап өтті Е.Дәуенов.
Сонымен қатар, лицензия алу үшін негізгі талаптар арасында тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогикалық құрамның, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалардың сақталуы, сондай-ақ оқушыларға медициналық қызмет көрсету ұйымдастырылуы қажет екендігі айтылды. Осы талаптарға сәйкес келмеу әкімшілік жауапкершілікке тартуға, ал қайталанған бұзушылықтар білім беру ұйымының қызметін тоқтатуға негіз болып табылады.
Білім және ғылым министрлігі мектептердің жергілікті атқарушы органдардың қарамағында екенін еске салды. Аумақтық департаменттер облыс әкімдіктері мен білім басқармаларының басшыларына ресми хаттар жіберіп, бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауды талап етті.