CaspianLife, 22 қараша. Премьер-министр Олжас Бектенов Украина айналасындағы жағдайға байланысты мемлекет басшысының негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырмаларын орындау жөнінде жедел кеңес өткізді.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел кеңеске қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің жетекшілері қатысты.
«Үкімет басшысы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтан стратегиялық және инфрақұрылымдық нысандардың қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат тыңдап, мемлекеттік органдардың әрекеттерін күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді. Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік байланысының қауіпсіздігі, тіршілік әрекетін қамтамасыз ету нысандарының жұмысын қамтамасыз ету және басқа да маңызды мәселелерге ерекше назар аударылды. Уәкілетті құрылымдардың басшылығына Президент тапсырмаларын орындауды ерекше бақылауда ұстау және жағдай өзгерген жағдайда жедел түрде есеп беруді қамтамасыз ету тапсырылды», — делінген үкімет басшысының ресми сайтында жарияланған хабарламада.