Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов облыстағы эпидемиологиялық жағдайды тексеру үшін Атырауға келіп-кетті.
Үкіметтік делегация Атырау облыстық №2 ауруханасына барды. Мұнда індет басталғалы 1 557 адам коронавирус инфекциясымен түсіп, 1 386-сы жазылып шығыпты.
Жедел-жәрдемге түсетін қоңырау саны да 1200-ден 700-ге дейін азайған.
– Қоңыраулар саны едәуір азайды. Тіпті, екі есеге десек те болады. Індет күшейген кезде 1200–1300-ге дейін шақыртуылар түскен. Ал қазір тұрақталып келеді, – дейді Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз БАЙМОЛДАЕВА
Облыстық әкімдікте өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды одан әрі тұрақтандыру бағытында жиын өткізілді. Онда медициналық мекемелерді өкпені жасанды желдету аппараттарымен және оттегі концентраттарымен толық жабдықтау жолдары да талқыланды.
Айта кету керек, Үкімет басшысының орынбасары облыс дәріханаларына екі аптада 80 тонна дәрі-дәрмек жеткізген «СК-Фармация» ЖШС-не де бас сұқты. Ондағы қоймаларды бір қарап шығып, медициналық мекемелердің бір айлық тұрақты қормен қамтамасыз етілгенін тексерді.