CaspianLife, 19 қараша. Атырау облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының киберқылмыспен күрес тобы дабыл қағуда. Өйткені интернет алаяқтарының құрбаны күн санап көбейіп келеді.
Жыл басынан бері өңірдегі алданып қалған 900-ден астам адамның 40 пайызы мемлекеттік қызметкер. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында полицейлер мектеп директорларымен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізді.
Алаяқтар әрқашан бір қадам алда жүреді дейді полицейлер. Олардың сөзінше, соңғы уақытта интернет аалаяқтықтың дипфейк деген тағы бір түрі шығып жатыр. Киберқылмыскерлер нейрожелі көмегімен нақты бір адамның дауысын және бет-бейнесін пайдаланады. Мысалы, алаяқ мессенджердің видеоқоңырау қызметі арқылы өзін полиция қызметкері ретінде көрсетіп, таныстыруы мүмкін.
Ескерте кететін жайт – алаяқтың көбісі Украина немесе Ресей азаматы болып шығады, ал оларды табу мүмкін емес. Қазіргі кезде Атырау облысында осындай 106 қылмыс анықталып, іс сотқа жіберілген. Интернет алаяқтарының құрбандарының жасы 25-45 аралығында.