Атырауға Өзбекстан мен Ресейден гуманитарлық көмек келді. Жәрдемдесушілер қорғаныш құралдарын әдеттегідей молынан жіберіпті. Екі елден 140 мыңға жуық түрлі медициналық қолғап пен 118 мыңдай бір реттік бетперде және респиратор келген. Көрші мемлекеттерден жеткен көмекті «СК Фармация» мекемесі қабылдап алып, облыстарға бөлді.
Бұл жолғы көмектің ерекшелігі – 230 «Коронавир» препаратының келуі. Ресейден жіберілген бұл дәрі-дәрмек коронавирус инфекциясын емдеу хаттамасында бар көрінеді.
– Бүгінгі таңда коронавирдің бәрі стационарлық деңгейде емделетін науқастарға пайдаланылады. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасымен қатар облыстық және аудандық ауруханаларға да таратылады. Негізі, келген гуманитарлық көмектің бәрі ең алдымен «СК Фармацияның» қоймасына түсіп, содан кейін емдеу мекемелерінің сұранысына орай жан-жаққа таратылады, – деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Атырауға жеткен гуманитарлық көмектің барлығы геолог емханасының қоймасында сақталады. Ал жүкті тасу, орналастыру жұмыстарына еріктілер жұмылдырылуда. Соңғы кездері қалада орналасқан спорт мектептеріндегі бапкерлер мен шәкірттер волонтер ретінде науқастар мен дәрігерлерге көмектесіп, жақсы үлгі көрсетіп жүр.
Ал бізге келген қорғаныш құралдары емдеу мекемелерінің сұранысына сай таратылады. Оның жүйелі жүргізілуін арнайы мониторингтік топ пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіндегілер қадағалайды.
– Қытайдан келген көмекті таратуда болған біраз олқылық қазіргі уақытта байқалмайды. Алған тәжірибеге сай, жабдықтар еш қиындықсыз тіркеліп, кімге бөлінетіні оңай анықталып жатыр. Әр ауданда аудан әкімінің кеңесшісі және адалдық алаңы жобалық кеңсесінің қызметкерлері қадағалайды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі АОД басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт.
Қазір қоймада бетперде, көзілдірік, антисептик, қорғаныш киімдері және қолғаптар жеткілікті мөлшерде сақтаулы. Мұндай көрініс аудандарда да байқалады. Дәрігерлер әлдеқандай жағдай бола қалса, екі апталық қор міндетті түрде болу керектігін қатаң ескерген.