CaspianLife, 18 қазан. Сот ақша бопсалаған атыраулық блогерге үкім шығарып, оны 3 жыл 1 айға бас бостандығынан айырды. Және жәбірленушінің біріне 20 мың, екіншісіне 40 мың теңгеге жуық мүліктік зиянды өтеуді міндеттеді.
Айыпталып жатқан Ерқанат Жасқанатұлына қылмыстық кодекстің «қорқыту», «ұрлық» сынды бабының түрлі тармағы бойынша айып тағылған.
Еске сала кетейік, 26 жастағы блогер биыл ақпан айында ұсталған еді. Бұған қатысты сол кезде ішкі істер министрлігі ресми түсінік берген. Онда Ерқанат Жасқанатұлының азық-түлік сататын кәсіпкерді бірнеше рет бопсалап, қызметі туралы видеоны әлеуметтік желіге салмас және тиісті орындарға хабарламас үшін 2 миллион теңге сұрағандығы айтылды. Мұнымен қоймай блогер 47 000 теңгенің тауарын алып кеткен. Және сот ғимаратындағы қызметтік бөлмедегі киімнің қалтасынан 20 000 ұрлаған.