CaspianLife, 16 қазан. «Атырау – РФ шекарасы (Астраханға)» автожолының тағы бір учаскесінде жұмыстар аяқталды.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады. Жолдың Атырау қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына (Астраханға) дейінгі жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайды. 753-833 шақырым аралығындағы қайта жаңарту учаскесінде қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон қоспасынан 80 шақырымда жабынның жоғары қабаты төселді.
Сонымен қатар, 25 бірлік байланыс жүйесі төселді; 13 су өткізгіш құбыр орнатылды; 5 мал өтетін жол жасалды; 78 жарықтандыру тірегі жөнделді; 155 мың с.м. торлы қоршау орнатылды; 435 жол белгісі бекітілді; 8 мың с.м. тосқауыл қоршауы жөнделді; 1 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды; 4 демалыс орны абаттандырылды; 26 ауыспа жол жасалды.
Аталмыш жобаға 400-ге жуық арнайы техника мен 650 маман жұмылдырылған.
Бүгінгі күні 621-833 шақырым аралығындағы учаскеде (ұзындығы 212 шақырым) 3,4 млн. м3 көлемде жол төсемінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, 212 шақырымда негізгі қабат және 146,8 шақырымда қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетоннан жоғарғы қабат төселді. Жаңадан салынған жол 212 шақырымда қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етіп жатыр. Бұрын бұл учаске арқылы жол жүру ұзақтығы 5 сағат болса, қазір бүкіл жолды 2 сағаттың ішінде жүріп өтуге болады. Жобаның халықаралық стандарттарға сәйкес орындалуына байланысты, жергілікті компаниялармен қатар, Италия, Түркия және Әзербайжан елдерінің компаниялары да қатысуда. 2024 жылдың соңына дейін жоба жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, делінген хабарламада.