CaspianLife, 17 қыркүйек. Атырау облысына қарасты Алмалы ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту кешенінің құрылысы мамыр айында аяқталады деп күтілуде, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оңалту орталығын облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «БатысАлянсҚұрылыс» ЖШС-гі салып жатыр. Үш қабатты жаңа нысанның жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асады.
Жобаға сәйкес, мұнда сауықтыру-жүзу бассейні, спорт зал, мәжіліс залы және техникалық ғимарат пен жылыжай қарастырылған. Ғимараттың бірінші қабатында дәрігерлік бөлмелер мен оңалту-жаттығу залы, УЗИ кабинеті және дәріхана да ойластырылған. Сондай-ақ, жобада 125 орындық асхана бар. Ал ғимараттың екінші қабатында науқастарды оңалтуға арналған үш аумақ болады. Олар медициналық , әлеуметтік және психологиялық боп бөлінеді. Үшінші қабатта тұз шахтасы, электр сәулемен емдеу, ингалятор аумағы, физиологиялық және механикалық емдеу сондай-ақ, сумен, инемен емдеу секілді терапиялық бөлмелер бар.
— Қазір қаладағы мүгедектерді сауықтыру орталығында жылына 1 мыңға жуық адам кезекпен ем алады. Жаңа орталық пайдалануға берілген соң кезек реттілігі азайып, ем алушылар араға үзіліс салмайды деп күтілуде. Оның үстіне, жаңа нысанда түрлі ем алуға мүмкіншілік көп. Сондықтанда онда балалар мен ересектерді қатар қабылдайды. Олар Алмалыға инватаксилермен тасымалданады, — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Құралай Тілеумағамбетова.