Әр ауданға аттанған көмекте 10 мыңға жуық медициналық маска, 20-дан аса қорғаныш киімі, 120 парацетамол, 500 дана шприц, 3000-нан астам қолғап пен танометр бар.
Күні кеше облысымызға Ресейден «Каспий Евразия» орталығының ұйымдастыруымен жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмек келген еді. Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттерінің қауымдастығы атыраулық білім ошағына да 250 келіден асатын көмек бөліпті. Ал оны жинауға көршілес елдегі ЖОО-нан бөлек қазақ, армян, ноғай, еврей және түрікмендерден құралған ұлттық қауымдастық мүшелері атсалысқан. Енді бұл жүк Махамбет және Индер аудандарындағы ауруханаларға жол тартты. Яғни, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің аудандарға жасаған гуманитарлық көмегі ретінде жіберілді.
– Осы «Добро-соседство» акциясын ұйымдастырғандардың құрамына Астрахан мемлекеттік техникалық университеті, Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттерінің қауымдастығы кіреді. Сондай-ақ, біз «Каспий Евразия» орталығы мен Астрахан облысындағы ұлттық қауымдастық өкілдеріне алғысымызды білдіреміз. Біз достарымыздың қолдауын өте қатты бағалаймыз, – деді С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова.