CaspianLife, 11 қыркүйек. Атырау әуежайының жаңа аэровокзалды кешенінің құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Бұл ақпарат Қазақстан Республикасының көлік министрі Марат Қарабаевтың Атырау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болды. Құрылымдық сала басшысы әуежайды аралап, нысанның қазіргі жағдайын тексерді. Катарлық инвестор 2025 жылы жаңа аэровокзалды кешеннің құрылысын бастайды және инфрақұрылымды толық жаңарту мен кеңейтуді, сондай-ақ қазіргі әуежай ғимаратын жөндеуді жүзеге асырады. Осы мақсатқа шетелдік инвестор шамамен 50 млн доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Қазақстан Республикасының көлік министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа аэровокзалды кешеннің ауданы 16 500 шаршы метрді құрайды. Инвестор объектіні 3 жаңа телескопиялық траппен (рукавпен) жабдықтайды. Атырау қаласы Шығыс пен Батыстың қосылған жерінде, Жайық (Урал) өзенінің жағасында орналасқандықтан, эскиз бойынша ғимараттың негізгі фасады Шығысқа қарай бағытталып, ортағасырлық Сарайшық қаласының мәдениетінің мотивтерін еске салатын шығыстық стильде жасалатын болады. Перронға шығатын фасад Батысқа қарай бағытталып, батыс стилінде: витражды әйнек, минимализм элементтерімен орындалатын болады.
Қазіргі уақытта әуежайдан аптасына 7 бағыт бойынша 89 ішкі тұрақты рейс (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Тараз) және 6 маршрут бойынша 21 халықаралық тұрақты рейс (Кутаиси, Амстердам, Стамбул, Анталья, Шарм-эль-Шейх, Мәскеу) орындалады.
Жұмыс аяқталғаннан кейін жолаушылар ағыны жылына 800 мың адамнан 2 944 мың адамға дейін өсуі күтілуде. Сондай-ақ, ұшу географиясын кеңейту жоспарлануда. Алдымен Еуропа және Азияның танымал туристік бағыттарына жаңа рейстер ашылады. Бұл жолаушыларға бағыттар бойынша кеңірек таңдау мүмкіндігін береді және халықаралық деңгейде аймақтың көлік қолжетімділігін жақсартады.