CaspianLife, 21 тамыз. Биыл өңірдің өкілетті қызметтері алаяқтардың 59 сілтемесін анықтаған. Ал өткен жылы осындай сипаттағы 296 сайт бұғатталған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мамандар қаржылық мониторинг агенттігінің ресми сайтында көрсетілген күмәнді сілтемелерге талдау жасап, былтырдан бері 355 сайтты бұғаттаған.
Қазір IT құралдары арқылы әлеуметтік желілерді бақылау жұмыстары жалғасуда.
«Қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің қатары көбейіп келеді. Оған басты себеп — қаржы сауатының төмендігі. Әйтсе де, осыған қатысты жүргізілген қылмыстық істер былтырмен салыстырғанда азайған», – деді экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Анесов.
Анықтама үшін: біреу сізге күмәнді ұсыныс жасаса, оны дереу құқық қорғау органдары немесе Қазақстан Республикасының қаржылық мониторинг агенттігінің «Байқа пирамида» телеграмм боты арқылы анықтауға болады. Сондай-ақ, қаржылық мониторинг агенттігінің 14-58 сall орталығы жұмыс істеп тұр.
Ескеріңіз, қаржы пирамидасын құрған адамға қылмыстық жауапкершілік көзделген және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қаралады.