Мұнай саласында қызмет ететін жергілікті бес компания өңірдегі ауруханаларға 10 өкпені жасанды желдету аппаратын алып берді. Бастаманы мұнай-сервис компаниялары одағы қолға алыпты. Жаны қысылған жандарға ауадай қажет құрылғылар тапсырыс арқылы Атырауға жеткізілді.
– Ауырып жатқан халыққа көмегіміз тиіп, ары қарай жазылып кетуін тілейміз. Ауырсын деп алып жатқан жоқпыз. Аз да болса, қол ұшымызды беріп жатқанымыз деп түсініңіздер, – деді «NSS LTD» компаниясының өкілі Рашид Отаров.
Компания өкілдері өздері бөлген қаржыға тек сапалы құрылғы алуды шешіпті. Өйткені, аппарат елдегі ахуал тұрақталғаннан кейін де қолданысқа жарауы тиіс.
– Өкпені жасанды желдету аппараттары көп функциялы. Кішкентай сәбиден үлкен қарттарға да қолдануға болады. Ота кезінде де пайдаланылады. Мұндай қайырымдылық акцияларын жасап келдік, әрі қарай жасай береміз де. Бізге тұрғындардың өмірі мен денсаулығы маңызды, – деді «ISKER» компаниясының өкілі Бекім Балғымбаев.
Ұйымдастырушылар келген жүкті бірден өмір мен өлім арасындағы науқастарға жеткізуге кірісті. Аппараттарды аудандық ауруханаларға жеткізу үшін арнайы көліктер дайындалған.
Ал «SSP» компаниясының өкілі Орақ Бисембиев аппараттың екеуі Қызылқоға ауданына, үшеуі Жылыой ауданына, қалған бесеуі қаладағы ауруханаларға санаулы сағаттан кейін табысталатынын айтты.
Медициналық мекемелерге аппарат жеткізілгеннен кейін оның қыр-сырын жетік меңгерген мамандар шақырылады. Олар құрылғыны іске қосып, жергілікті дәрігерлерге пайдалану жолдарын үйретеді. Ал демеушілер бұл медицинаға жасалынып жатқан алғашқы және соңғы көмек емес екендігін жеткізді.