CaspianLife, 12 шілде – Полицейлердің мәліметінше, есірткі таратушыны екі апта бұрын, 28 маусымда есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері кинологиялық орталық қызметкерлерімен бірге ұстаған.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, синтетикалық есірткіні таратқан деген күдікпен 1987 жылы туған азамат Азаттық даңғылындағы үйлердің бірінде ұсталған.
«Тінту кезінде құны 8 млн теңгеге жуық «Альфа-PVP» синтетикалық есірткінің 1 мыңға жуық дозасы анықталды. Оның Telegram әлеуметтік желісінде жарнама жасау арқылы аса ірі көлемде психотроптық заттарды сату, сатып алу және сақтау арқылы оңай пайда тапқысы келгені анықталды», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті азамат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес қамауға алынды. Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.