CaspianLife, 25 маусым — Маңғыстау облысының прокуратурасы экономикалық тергеу департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп мұнай-газ саласының 5 кәсіпорнында тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасы мәлім етті.
«ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-нің («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) лауазымды тұлғалары тауар жеткізушіден 1,5 млрд теңгеден астам сомаға техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін автобустарды қабылдағаны анықталды. Бұл ретте олардың құны 400 млн теңгеге жоғарылатылған», — делінген хабарламада.
Жұмыс істелмеген арнайы техника қызметтері үшін 110 млн теңге мөлшерінде ақша қаражатын аудару фактілері белгілі болды.
«West Oil Software» ЖШС-де («ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС мердігерлік ұйымы) жұмыс істемеген адамдарға 400 млн теңгеден астам жалақы төлеу, компания басшылығының жақын туыстарын қоса алғанда негізсіз жалақы есептеу деректері орын алған», — деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Аталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде беру немесе жымқыру) бойынша 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Процестік прокурорлар тағайындалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде аталған ұйымдардың 4 басшы лауазымды тұлғалары ұсталды.
Қылмыстық істер облыстық экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде.
Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.