Атырау облысындағы ахуал мемлекеттік қызметшілерді де бей-жай қалдырмады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің АОД басшысы бос тұрған қызметтік көлігі мен жүргізушісін көмекке зәру тұрғындардың мұқтаждығына жұмылдыруды жөн көріпті. Департаменттегілер игі бастамаға басқа да мемлекеттік органдағылар үлес қосады деп сенеді.
– Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Салауат Сыйлыбайұлының ұсынысы негізінде барлық мемлекеттік қызметшілерге үндеу жолданып отыр. Қазіргі кезде үйден шыға алмай ауырып жатқан, дәріге мұқтаж жандарға дәріханадан дәрі әкеп беру, олардың ем-домына апарып-алып келу және медицина қызметкерлерін үйіне тасымалдауға, жұмысқа апаруға қызметтік көліктерді пайдалануды ұсынып отырмыз, – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің АОД ӘБ басшысы Сапарбай Қуанышев.
Игі істің бастаушылары қашықтан жұмыс істеп жатқан әріптестерін де өз көліктерін қайырымдылыққа жұмылдыруға шақырады. Бұл бастама басшылардың тапсырмасы болғанымен, қол астындағы қызметкерлер қашан да көмекке дайын екендігін жеткізді.
Департаменттегілер жақын күндері қызметтік көліктердің саны артады деген үмітте. Карантиндік шектеулер кезінде қажетті дәрі-дәрмек пен ем-дом шараларына барып келу қиындық туғызса, көлік жүргізушісінің 87029414806 жеке байланыс нөміріне хабарлассаңыздар болады.