CaspianLife, 3 мамыр — Махамбет ауданындағы жедел штаб күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өйткені, Жайық өзенінің деңгейі күннен күнге көтеріліп келеді. Аудан басшысы Қайрат Нұрлыбаев штабтың кезекті отырысын өткізіп, тасқынға қарсы жасалып жатқан іс-шараны тағы бір пысықтады. Ауданда жағалауды нығайту жұмысы толығымен аяқталған. Жоспарланған 65,5 шақырым бөгет соғылды. Олардың орташа биіктігі – 2,5 м.
Қайрат НҰРЛЫБАЕВ, Махамбет ауданының әкімі:
-Әзірге критикалық деңгейге жете қойған жоқ. Бірақ біз күн сайын суды бақылап, тиісті шараларын алып отырмыз. Күндізгі-түнгі кезекшіліктер ұйымдастырылған. Махамбет ауылының өзінде 40-тан аса пост бар. Жалпы барлық ауылда күндіз-түні кезекшіліктер ұйымдастырылуда, деді.
Қазіргі уақытта аудандағы төрт түлік қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Бұл үшін арнайы 22 эвакуациялық орын дайындалған. Махамбетте 1 айдан бері гуманитарлық көмекті қабылдайтын пункт жұмыс істеп тұр. Мұнда аптасына 2 мәрте облыс орталығынан азық түлік пен ең қажетті заттар жеткізілуде.
Махамбет аудандық гуманитарлық пунктінің меңгерушісі Жексенбай Пазуловтың айтуынша бір айдың ішінде ауданға 30 тоннадай тамақ, 100 келідей киім-кешек келген.
Еске сала кетейік, Махамбет ауылының тұсында Жайық өзенінің қауіпті деңгейі – 850 см. 3 сәуірдегі ақпар бойынша Жайықтың деңгейі 812 см-ге жеткен.