CaspianLife, 22 сәуір — БҚО-дағы Январцево ауылының тұсында Жайық деңгейі 21-сәуір күні максималды саналатын 903 см-ге жетіп, бүгін 2 см-ге төмендеді. Ал Орал қаласының тұсында 10, Тайпақта 7 см-ге көтерілді. Атырау қаласында Жайық өзенінің деңгейі бір тәулік ішінде 3 см-ге көтеріліп, қазір 412 см боп тұр, қауіпті деңгей 550 см.
Батыс Қазақстан облысы жағынан келетін судың есебінен Жайық өзенінің деңгейі Индербор кентінің тұсында 8 см-ге көтеріліп, 582 см-ге жетті. Қауіпті деңгей 845 см. Махамбет ауылы маңында Жайық өзенінің деңгейі бір тәулікте 7 см-ге көтеріліп, су деңгейі 706 см-ді көрсетіп тұр. Қауіпті деңгей 850 см.
Ал жалпы көктемгі тасқын басталғалы бері 389 см-ге көтерілген. Қиғаш-Шортанбай бекетіндегі су деңгейі тәулік ішінде 16 см-ге көтеріліп, қазір мұндағы су деңгейі 270 смге жетті. Қауіпті деңгей 5 метр. Жем өзенінің деңгейі бір күн ішінде 3 см-ге төмендеп, 171 см-ді көрсетті. Жайықтың жоғары жағындағы Жайық-Орынбор гидробекетінде су деңгейі күн сайын төмендеп келеді. Мұнда бір тәулік ішінде су деңгейі 36 см-ге түсіп, қазір 941 см болып тұр. Бірақ қауіпті деңгейден 11 см-ге әлі де артық. 22-сәуір күні Иреклі суқоймасынан секундына 294 текше метр су жіберілуде.