CaspianLife, 28 наурыз — 26 наурыздан бастап осы уақытқа дейін облыс орталығынан 29 мың текше метр су шығарылды. Бұл жұмысты қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Арнаулы Автобаза» мекемесімен келісімге отырған 70-тен астам ассенизатор көлігінің жүргізушілері атқарды.
Қазір де жұмыс тоқтап тұрған жоқ: көше-аулалар жаңбыр суынан тазартылып жатыр. Атырау қаласының әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 26-27 наурыз күні шахар аумағына бір айлық нормадан астам жауын-шашын түскен. Көмек сұраған халықтың өтінішін 109 бірыңғай байланыс орталығы да қабылдап жатыр. Телефонның құлағында отырған мұндағы қызметкерлерге екі күн ішінде 2114 қоңырау түскен. Шахар басшысы Шәкір Кейкин жағдайдың бақылауда екенін, алдағы уақытта қаладағы жер асты суының деңгейінің көтерілу себебін анықтау мақсатында зерттеу жасалатынын айтты.