CaspianLife, 15 ақпан — Атыраулық журналист Виктор Сутягиннің көлігін өртеп жіберді деп айыпталған азаматқа сот үкім кесті. Атырау қаласының №2 сотының судьясы Тыныштық Нұримова сотталушыны бірнеше жылға бас бостандығынан айырды және оны 25 млн теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттеді. Осылайша тоғыз айға созылған сот процесіне нүкте қойылды.
«Қылмыстық процестік кодекстің 387,390,393,395,398,401,402 баптарын басшылыққа алып сот үкіметі Ермұханов Данияр Маратович ҚР қылмыстық кодекісінің 202 бабының, 3 бөлігі мен 2 тармағында көзделген қылымыстық құқықбұзушылықты жасаған үшін кінәлі деп танылсын. Оған 5 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Қыымыстық кодексінің 60 бабының 1,2 бөлігінде осы үкіммен тағайындалған жазаға Атырау облысы, Атырау қаласының №2 сотының 2022 жылы 21 қарашадағы үкіммен өтелмеген 1 ай жазаны қосу арқылы, түпкілікті Ермұханов Данияр Маратовичке 5 жыл 1 ай мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» -делінген үкімде
Естеріңізге салайық, оқиға 2023 жылдың 11 мамырында таңғы сағат бес шамасында болған. Жәбірленушінің айтуынша, көлік үй жанындағы аллеяда тұрған екен. Оқиға сол маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Одан белгісіз біреудің көліктің капотына жақындап келіп, әрлі-берлі жүргенін, содан кейін жарылыс секілді қатты дыбыс шыққаны көрінеді.