CaspianLife, 31 қаңтар — Жамбыл облысының Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылы маңында ірі жол-көлік оқиғасы болды. 26 көлік соқтығысқан ірі апатқа қарлы боран мен тасжолдағы көктайғақ себеп болған, — деп хабарлайды CaspianLife.
Жамбыл облысы ПД мәліметінше, 31 қаңтарда таңертең «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық маңызы бар тасжолдың 567-шақырымында ірі жол апаты болған.
«Ауа райының қолайсыздығынан (көктайғақ, жолдың көрінбеуі, қарлы боран) 26 көлік (4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл көлік) жол-көлік оқиғасына тап болды. Апат салдарынан қаза тапқандар жоқ. Момышұлы ауылындағы орталық аудандық ауруханаға 25 адам түсті», — деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Нұрлыкент ауылының «Мәдениет үйі» жылыту пунктіне 39 адам жеткізілген.
Тараздан 593-шақырымнан 534-шақырымға дейінгі жол екі бағытта жабық екені хабарланды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.