CaspianLife, 17 қаңтар — Энергетика министрлігі Қашаған сұйытылған мұнай газын Қазақстан нарығына жеткізу бойынша алдын ала келісімге келді.
Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жарияланған мәлімдемеде 16 қаңтар күні үкіметтің ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Энергетика министрлігі Қашаған кен орны акционерлерімен бірлесе отырып, сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа шығару бойынша алдын ала келісімге келгені айтылған.
Келісімге сәйкес, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы Қашаған кен орнының акционерлерімен «Болашақ» біріктірілген мұнай және газ өңдеу зауытында өндірілетін сұйытылған мұнай газын жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуі тиіс.
Бүгінгі таңда тараптар 2024 жылы сұйытылған мұнай газы саласындағы инфрақұрылымдық жоба бойынша түпкілікті инвестициялық шешім қабылдау үшін ынтымақтастық жүргізуде. Қазақстан нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу 2025 жылдың соңына қарай басталады деп жоспарлануда.
Бұдан әрі баяндамада 2027 жылға қарай Қашаған кеніштеріндегі инфрақұрылымдық жұмыстар аяқталғаннан кейін сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі жылына 700 мың тоннаға жететінін атап өтті.