CaspianLife, 9 қаңтар — 7Qazyna тұрғын үй кешеніндегі үй құрылысы кезінде пенопласт пайдаланылған. Жанғыш материалдың кесірінен өрт оқиға болған күні тұрғын үйге тез тарады. Бұл туралы Ақтау әкімі Ұлықбек Тінәлиев мәлімдеген.
Естеріңізге салайық, 2023 жылдың 27 желтоқсанында 38-ші шағын ауданда орналасқан 7Qazyna тұрғын үй кешенінің үйлерінің бірінде ірі өрт болды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 19 өрт сөндіруші жұмылдырылып, 5 техника пайдаланылған.
Өрттің себебі 170 шаршы метр аумақтың сыртқы қаптамасының өртенуі болды. Тұрғын үй құрылысымен «K7 Group» компаниясы айналысқан.
«Басты басымдық – азаматтардың қауіпсіздігі. Өрт қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Тек ішкі аспектілерге ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйлердің сыртқы келбетінің жоғары сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аудару қажет. Үйдің сыртын әрлеуге пенопласт қолданылғандықтан 170 шаршы метр тұрғын үй жанып кетті. Бұл материал жанғыш элементтердің бірі. Сондықтан құрылыс компанияларын тұрғын үй құрылысына сапалы әрі қауіпсіз материалдарды таңдауға шақырамын. Тұрғын үйлер қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек», — деді қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев.