CaspianLife, 2 қаңтар — Бүгін, 2 қаңтар күні 00:30 шамасында Атырау қаласында орталыққа жақын Жайық жағалауында қыз бала мұз ойылып, суға түсіп кеткен.
Оқиға бойынша хабарлама алған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ғапу Жанарыс, Арсен Мұратов, Құрманғазы Мерей және Әкімшілік полиция бөлімі инспекторы Арманбек Габитов дереу мұз ойылған жерге жетіп, жасөспірімді құтқарып алды.
«Мұз ойығынан басы ғана көрінген адамның әйел адам екендігін дауысынан ғана айырған полицейлер құтқаруға бірден кіріскен. Полиция лейтенанты Жанарыс Ғапу беліне арқан жіп байлап мұз үстімен жасөспірімге қарай беттеді. Әріптесі Мерей Құрманғазы оған көмектесу үшін жіп бойымен бірге жүрді. Өзге полицейлер жағада Жанарыс Ғапуды суға батып бара жатқан қыз баламен бірге тартып шығаруға дайын тұрды. Аяқ асты адам өміріне араша түскен полицейлердің қырағылығы мен ептілігі нәтижесінде жасөспірім жағаға шығарылып жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілді», -делінген Атырау облысы ПД мәліметінде.
Денесі қатты суықтаған жасөспірім мән-жайды түсіндіре алмаған. Қазір жедел-тергеу тобы тиісті шараларды бастады.