CaspianLife, 26 желтоқсан — Маңғыстаудағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрт арада 7 айға жуық уақыт өткенде сөндірілді. Бұл туралы ҚР отын-энергетикалық кешенінің ахуалдық-талдамалық орталығы хабарлады. Орталық таратқан мәліметке қарағанда «Бозащы мұнай» компаниясы игеріп жатқан Оңтүстік Қаратұрын кен орнындағы қызыл жалын 25 желтоқсан күні өшірілген.
«Мамандар әуелі ұңғымадан 100-150 метрдей жерден бір шақырымға дейін көлбеу бұрғылап, содан кейін газ бен су аралас атқылап жатқан фонтанның аузына ауыр бетон ерітіндісін құйды. Енді ол жер цементтеледі. Содан кейін айналаны рекультивациялау жұмысы тұр, — делінген ресми мәліметте.
Ал қоршаған ортаға қыруан зиян келтірген мұнай компаниясы Маңғыстау ауданы әкімдігіне қайтарымсыз 50 миллион теңге бөлетін болды. Бұл қаражат бірнеше елдімекенде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін жұмсалмақ.
Естеріңізге салайық, «Оңтүстік қаратұрын» кен орнындағы өрт биыл 9 маусымда басталды. Апаттың шығуына нөмірі 303-ұңғымадағы өртке қарсы жабдықтың бұзылуы себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған. Ал өндірістік қауіпсіздік комитетіндегілер мұнай компаниясы мен оған қызмет көрсететін мекемелердің жұмысында кемшілік болғанын айтты. Сарапшылар болса бұл апатты экоцид деп атап, күрделілігі жағынан ең жоғары деген баға берді.