CaspianLife, 26 желтоқсан — Құрманғазы ауданында әйел адам мұз үстімен өтпек болғанда, мұз жарылып, батып кете жаздаған. Оқиға кеше сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданы Шарон өзені үстінде болды. Әйел адам жедел көмекке келген полицейлердің арқасында аман қалған. Сол уақытта полиция қызметкерлері аудандық полиция бөлімінен саптық жиыннан тарап келе жатқан екен.
Аталған хабарламаны естіген Тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан да уақыт өткізбей жеке автокөлігімен оқиға орнына жеткен. Оқиға орнына бірінші жеткен ол автокөліктен арқан жіп алып, мұз үстіне шыққан. Мұз үстіне шыққан кезде көмекке келген ер адамның да мұз ойығына түсіп кеткенін көрген. Сол сәтте патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері Артур Каримов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев және учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев көмекке келіп, суға кеткен әйел адам мен оны құтқаруға оқталып өзі де ойылған мұз құрсауында қалған ер адамды құтқарып қалған.
Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан соң мұз ойығы одан әрі үлкейген. Алайда аязды күнде мұзды суға қарамастан оқыс оқиғаға куә болып бейжай қарамаған 1996 ж.т. азамат пен полиция қызметкерлері 1959 ж.т. әйел адамды жағаға шығарды.
Мұзды су астында болған әйел мен қатты суықтаған ер адамды жағадан шығарған кезде жедел-жәрдем қызметкерлерінің келуін күтпей, полиция аға лейтенанты Роман Насихан жеке автокөлігімен және патрульдік полиция қызметкерлері аудандық ауруханаға уақытылы жеткізген. Қазір 64 жастағы әйел адам дәрігердің бақылауында.