CaspianLife, 21 желтоқсан — Құлсарыда 57 жастағы әйел қызының азаматтық некедегі күйеуін пышақтап тастаған. Бұл туралы полицияға 20 желтоқсан күні сағат 18:50 шамасында күдіктінің 37 жастағы қызы хабарлады.
Атырау облысы ПД хабарлауынша, оқиға орнына жедел жеткен полицейлер отбасылық жанжалдың нәтижесінде 57 жастағы әйел адамның 27 жастағы күйеу баласын ас үй пышағымен жарақаттағанын анықтады. Жарақат салдарынан ер адам қаза тапқан.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.
Бұл жанұяда бұрын да отбасылық жанжал болып, марқұмның қаңтар мен сәуір айларында 2 мәрте әкімшілік қамауда болғаны анықталды.