CaspianLife, 11 желтоқсан — Атырауда ПД жанындағы патрульдік полиция қызметкерлері демалыс күндері ауа-райы күрт өзгеріп, тас жол бойында көлігі істен шығып қалған 3 жүкті келіншекті аман-есен перзентханаға жеткізген. Қазір сәбилердің жағдайы бірқалыпты, деп хабарлайды CaspianLife.
Бөбектердің біреуі ұл, екеуі қыз.
Атап өтсек, Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолының 597 шақырымында қызмет инспекторлары полиция капитаны Асланбек Бейсембаев, Нұрлыбек Бақытжанов және полиция аға лейтенанты Тұрар Қибашқа Honda автокөлігінің жүргізушісі келіп келіншегін шұғыл түрде облыстық перзентханаға жеткізуге көмек сұраған. Полиция қызметкерлері уақыт өткізбей жүкті әйелді облыстық перзентханаға аман-есен жеткізген.
Айта кетейік, дәл осындай оқиға демалыс күндері Атырау-Орал тас жолы бойында болған. Патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторлары Алмас Бейсенғалиев және полиция аға лейтенанты Жангелді Оспанов қызмет атқару кезінде Алмалы бекетіне келген мейірбике жедел-жәрдем көлігінің бұзылғанын айтып, облыстық перзентханаға шұғыл жеткізуге көмек сұраған. Бұл жолы да полицейлер жедел түрде қызметтік автокөлікпен ай-күні толған келіншекті уақытылы облыстық перзентханаға жеткізді. Сондай-ақ, тағы бір дерек Атырау-Орал тасжолы бойында тіркелді. Толғағы қысқан келіншекке көмектесуді сұраған отбасыға полиция аға лейтенанты Бердібек Хабибуллаев пен Жангелді Оспанов көмекке келіп, уақытылы перзентханаға жеткізген.
Бұл полиция қызметкерлерінің тас жолдағы күнделікті қызмет барысының бірі ғана.