Caspian Life, 24 қараша. Атырауда тергеу кезінде күдіктіні соққыға жықты деген айып тағылған 5 полицейдің ісіне нүкте қойылды.
Атырау қалалық №2 соты айыпталушыларға үкім кесті. Күдіктілердің үшеуі 4 жылға, екеуі 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Сотталғандар 22 мен 29 жас аралығында. Әрқайсысы жәбірленушіге 500 мың тг көлемінде моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарында 3 жыл жұмыс істей алмайды.
Үкім заңды күшіне 15 күннен кейін енеді. Оған дейін айыпталушы тарап аппеляциялық шағым бермек. Олардың айтуынша, арыз берген азаматтың сот процесі кезінде 6 түрлі жауап бергені есепке алынбаған.
Атыраулық 5 полицейге қатысты қылмыстық іс биыл жазда басталған еді. Олардың үстінен арыз жазған Руслан Қуанышқалиевтің сөзінше, құқық қорғау органының қызметкерлері өзін ер адамды соққыға жықты деп тергеуге алған. Алайда, тергеу барысында полицейлер Русланға істі мойындату үшін басына қапшық кигізіп, тұншықтырғанымен қоймай, жұдырық жұмсапты. Сот отырысы басталған уақытта полицейлердің 4-еуі жұмыстан шығарылса, 1-еуі өз еркімен кеткен.