ALMA TV телекоммуникациялық компаниясының Атырау қаласындағы филиалы Қазақстан бойынша үздік деп танылды.
«Алма ТелеҚазахстан» АҚ-ның басқарма төрағасы Дмитрий Басиннің айтуынша, бөлімше қызметкерлері өте жақсы жұмыс жасап, 13 филиал арасынан оқ бойы озық шыққан. Атыраудағы мамандар былтыр коммерциялық көрсеткіш жағынан екінші орын алса, 2021-нші жылы үшінші орынға тұрақтаған екен.
Биыл да тың идеяларды жүзеге асырып, көрсетілетін қызмет ауқымын кеңейтіп, көзге түскен.
Дмитрий БАСИН, «Алма ТелеҚазахстан» АҚ басқарма төрағасы
— Филиалдар тұтынушы саны, кіріс-шығыс көрсеткіші, бөлімшенің даму қарқыны және қызмет ауқымын кеңейту секілді критерийлер бойынша бағаланды. Атырау қаласындағы филиал ұжымы алғаш болып видеобақылау камерасын орнату қызметін ұсынды. Мұндағы мамандар жақсы жұмыс жасап, кубокты өз еңбектерімен жеңіп алды деп есептеймін.