CaspianLife, 15 қараша — Ақтауда заңсыз салынған таунхаус бұзылды. Қожайын Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандарына тексеріс кезінде құжат көрсете алмапты. Нәтижесінде сот шешімімен ғимарат жермен-жексен етілді. Таунхаус Ақтаудағы «Приморский-1» тұрғын үй массивінде орналасқан. Еске салайық, осыған дейін заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешені мен қонақ үй бұзылды. Екі нысанның да жобалау-сметалық және құрылыс бастауға қажетті құжаттары болмай шықты.
«Құжаттарды рәсімдеуге, құрылысты тоқтатуға тиісті нұсқама берілді. Алайда, құрылыс салушы тарапынан бұл нұсқама еленген жоқ. Сол себепті бұл заңсыз құрылысты біз сот органдарына бұзу туралы талап арыз жолдадық. Соттың бірінші сатыдағы шешімімен жолданған талап-арыз қанағанттандырылып, содан кейін апелляциялық тұрғыда сот шешімі заңды күшіне енді», -деді Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.
Жуықта Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев заңсыз салынған нысандарды бұзу бойынша жұмыстың жалғасатынын айтқан. Оның сөзінше құрылыс саласында бақылаудың болмауынан қазір тұрғындар су мен электр энергиясының тапшылығын сезініп отыр. Қазір Ақтау қаласының аумағында проблемалы 9 тұрғын үй кешені бар. Бірнешеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.