Газа секторында адамдардың күнелтуінің өзі қиындап кетті. Гуманитарлық көмек блокадасы аштыққа әкелді. Адамдар күніне бір рет тамақтанса соған қуанады. Бұл туралы деп хабарлайды Euronews хабарлайды.
Олар үй-жайын ақшасыз және ешқандай зат алмай тез тастап кетуге мәжбүр болған. Енді азық қылатын түгі жоқ.
Газа соғысы салдарынан қоныс аударған палестиналықтар қорқыныш пен қауіп-қатерден бөлек аштықпен де алысып жатыр.
Бұл лагерьдегі адамдарды күніне кемінде бір мәрте тамақтандырудың өзі оңай болмай отыр.
«Бұл отынды өзіме және бауырларыма бидай қайнату үшін жағып жатырмын. Демек бүгін аш қалмаймыз. Біз кешеден бері нәр татпадық», — дейді Ямен Лабад дейтін қоныс аударған бала.
Лагерьдегі отбасылар бұл жерде өмір өте қиын екенін және көп күнді тамақсыз өткізетінін айтады.
Қоныс аударған тағы бір әйел көршілерінің көмегімен бұршақ және жеуге жарамды молохия шөбінен азық дайындап жатыр.
«Нан алу қиын, су табу одан да қиын, ұн жоқ, көмек жоқ, балалардың жағдайы өте ауыр. Тамақты күніне бір рет, түскі ас кезінде алуға болады. Таңғы ас та, кешкі ас та жоқ. Жағдай осындай. Біз бас сауғалап үйден тез қашып шықтық, соғыс болады деп күтпедік, сондықтан қолымызда ештеңе жоқ», — дейді Умм Махмуд әл-Асамна атты әйел.
Газа секторындағы гуманитарлық көмек блокадасы азықтың сарқылуына әкелді.
Көбі бомба астындағы жылдам өлімнің орнына босқындар лагерінде баяу ажал күтіп тұрғанын айтады.