CaspianLife, 7 қараша — Жоспарлы алдын ала тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) жоспарлы қуатында жұмыс істеуде, деп хабарлайды CaspianLife.
«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде кәсіпорын Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің бекітілген жоспарына сәйкес сұйытылған мұнай газын, бензин мен дизель отынын өндіріп, жөнелтуде.
Еске сала кетейік, 29 қазанда жоспарлы жөндеу кестесінен бұрын зауыттағы каталитикалық крекинг қондырғысы тұрақты жұмысқа көшкен болатын. Одан бір апта бұрын АМӨЗ-де технологиялық қондырғылардың бірінші кезеңі сәтті іске қосылды.
Жоспарлы алдын-ала тексеру жұмыстары (ППР) – жабдықтың тұрақты жұмыс жағдайын сақтау және өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында зауытта жыл сайын жүргізілетін процедура. Ағымдағы жұмыс барысында 2753 бірлік бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика құралдарын тексеру, 723 бірлік электр қозғалтқыштарына техникалық қызмет көрсету, тексеру және сынау, 62 бірлік қосалқы станция жабдығын тексеру және сынау, жоғары қысыммен жұмыс істейтін 803 бірлік түтікшені, сондай-ақ 1 539 бірлік технологиялық құбырды техникалық және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасынан өткізу шаралары жүзеге асырылды.
Жоспарлы алдын ала тексеру жұмыстары Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы «Азаматтық қорғау туралы» Заңының талаптарына сәйкес жүргізілді.