Caspian Life, 24 қазан. Ақтау қаласы әкімдігінің бөлім басшысы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылып, 700 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.
Шенеуніктің жауапқа тартылуына қоғам белсенділерінің Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жазған арызы себеп болды. Олар облыс орталығындағы бірнеше жерге қоғамдық әжетхана орнатылғанымен, іске қосылмай тұрғандығын айтқан.
Антикор қызметкерлері енді Ақтау әкімдігінің қызметкеріне қатысты өздеріндегі материалды ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолдады. Естеріңізге салайық, тамыз айында Ақтауда қала әкімдігінің теңіз жағалауында 5 қоғамдық әжетхана орнатып жатқандығы белгілі болды. Ол үшін 87 миллион теңге бөлінген. Бірақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері жұмыс әлі бітпесе де, шартқа қол қойылғаннан кейін 2 күн өткен соң мердігерге ақшаны түгел аударып жіберген.