CaspianLife, 6 қазан — Шаймардан Сариев атындағы өнер мұражайында «Дала барысы — Мысырдың Бейбарысы» атты республикалық суретшілер симпозиумы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Іс-шара Атырау облысы әкімдігі, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.
Салтанатты шарада облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов келушілерге алғыс білдіріп, суретшілерге сәттілік тіледі.
— Арнайы осы жоба үшін өңірімізге ат басын тіреген баршаңызға облыс әкімі Серік Шәпкеновтің атынан алғыс білдіремін. Баршаңыз білесіздер — симпозиум Бейбарыс бабамыздың 800 жылдығына арналған апталық аясында өтіп жатыр. Қолдарыңыздан шыққан туындының Ш.Сариев атындағы қолданбалы сәндік өнер музейінің қорынан табылатынына сенімдімін. Жұмыстарыңызға жеміс, істеріңізге сәттілік тілеймін,- деді Ә.Жоламанов.
Көрмеге Алматы, Астана, Шымкент, Орал және Атырау қаласынан барлығы 15 суретші қатысуда.
Симпозиум Атырау өңірінде дүниеге келіп, мәмлүктер мемлекетін гүлдендірген тарихи тұлға Сұлтан Бейбарыс өміріне қатысты мәлімет жинақтап, кейінгі өскелең ұрпаққа бабаның қадір-қасиетін жеткізуімен ерекшеленеді. Сондай-ақ тұлғаның ерлікке толы ғұмырын, сол тарихи кезең сәттерін жан-жақты көрсету арқылы оның болмысын кенеп бетінде жаңаша іске асыру, бояулар үнімен ашып беру арқылы насихаттау да негізгі мақсаттардың бірі. Сонымен қатар өнер музейінің қорын жаңа туындылармен толықтыру, республиканың түкпір-түкпірінде өзіндік орны бар отандық көркемсурет шеберлері, еңбек сіңірген өнер қайраткерлер, талантты қылқалам шеберлері арасында өзара тәжірибе және пікір алмасуды жүзеге асыру да іс-шараның негізгі міндеті.