CaspianLife, 12 қыркүйек — Елордаға қазақстандық «ЗИКСТО» зауыты шығарған заманауи плацкарт және купелік жеңіл вагондардың бірінші партиясы жеткізілді. Олар Қарағанды-Жезқазған, Атырау-Маңғыстау, Атырау-Ақтөбе бағыттарында қатынайтын пойыздар құрамында болады, деп хабарлайды CaspianLife.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жолаушыларға жайлылықты қамтамасыз ету үшін вагондар кондиционер, ауа тазартқыш сүзгілер, түтін датчиктері, биоәжетханалар және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Купеде электр розеткалары мен USB қосқыштары бар. Жаңа вагондардың жарамдылық мерзімі 40 жылға дейін деп болжанған.
Биыл қазан айының соңына дейін «ЗИКСТО» АҚ құрастырған тағы 50 вагон, ал келесі жылдың басында тағы 100 вагон қолданысқа беріледі. Сондай-ақ 2030 жылға қарай Stadler компаниясынан 537 жоғары технологиялық вагон сатып алу жоспарлануда.
«Жылжымалы құрамды жаңарту бойынша жоспарланған барлық шараларды ескере отырып, 2030 жылы вагондардың орташа жасы 18-ден 13 жасқа дейін төмендейді. Бұл ретте вагондар 100 пайызға ауа баптау жүйесімен қамтамасыз етіледі», — деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов.
Соңғы он жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ вагондары 50 пайызға жаңартылды. Қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық тазалық бойынша заманауи халықаралық талаптарға сай келетін 1200-ден астам вагон сатып алынды.