CaspianLife, 31 тамыз — Конституция күніне орай, Атырау облысының Индер ауданында 192 отбасыға жаңа пәтер берілді, деп хабарлайды CaspianLife inform.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен Индербор кентіндегі «Көктем» шағын ауданында 4 тұрғын үй бой көтерген. Төрт қабатты тұрғын үйдің әрқайсысында 48 пәтер бар. Тұрғын үй құрылысын «Еврострой» ЖШС, абаттандыру жұмыстарын «Агроспецмонтаж» ЖШС жүргізген. Жаңа тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу қазандығына қосылған.
«Мемлекет тарапынан мұқтаж отбасыларды қолдау шаралары үнемі жалғасып келеді. Мереке қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйден 192 отбасыға жаңа пәтер берілді. Оның ішінде көпбалалы 106, әлеуметтік тұрмысы төмен 69 отбасы бар. Сонымен қатар, ата-ана қамқорлығын көрмей өскен 17 жасөспірім де жаңа баспана иеленді», — дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиев.